$ 443.37  474.49  4.83

«Әділдік және Өркендеу» зардап шеккен ауылға моторлы қайық жіберіп, қаржылай көмек көрсетті

Олар жапа шеккен ауыл тұрғындарына қомақты ақша жіберді.

Фото: adildik.org.kz
Фото: adildik.org.kz

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Қостанай өңіріндегі белсенділері зардап шеккен ауылға моторлы қайық жіберіп, қаржылай көмек көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қостанай облысының солтүстігі мен оңтүстігінде орналасқан бірнеше аудан мен Қостанай қаласының шеткі көшелерін су басқан болатын. «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ белсенділері үй-күйсіз қалған тұрғындардың жағдайына бей-жай қарай алмай, зардап шеккен халыққа жәрдем беруді шешті.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жиналысында әрбіріміз өз өңірлеріміз бойынша су басқан аймақтарға барып, танысып қайтуды ұсынған болатынмын. Елден хабар алып отырамыз, жағдайдан құлағдармыз, десе де «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, ел жайын өз көзіммен көріп келдім»,-деді қостанайлық белсенді Амандық Әмірхамзин.

Халықпен сөйлескеннен кейін Қор өкілі әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан азаматтарын жұдырықтай жұмылып, зардап шеккен жұртқа көмек көрсетуді сұрады. Оның бастамасы бүкіл ел бойынша қолдау тапты. Еліміздің түкпір-түкпірінен Қостанай облысында зардап шеккен азаматтарымызға қаражат аударылды. Жиналған ақша есебінен белсенді елге керек заттарды жөнелтті.

«Қостанай таңы» газетінің бас директоры Кенжеш Оразғалиқызы бізге хабарласып, Торғай өлкесіне қолдау көрсету туралы ұсыныс жасады. Мұнда күрек, қапшық, маңдайға тағатын шамдар мен резеңке етік тапшылығы байқалады. Біз бұл ұсынысты қолдап, қаражат жинай бастадық. Нәтижесінде зардап шеккендерге құны жарты миллион теңгені құраған гуманитарлық көмек жібердік. Тәуіш ауылына қажет болған қапшықтар, тұрмыстық заттарды сатып алып, жүк көлігімен жөнелттік. Сондай-ақ қаржылай 400 мың теңге жібердік», – деді белсенді.

Кейін «Әділдік және Өркендеу» Қорының өкілі су басып, жол-көлік қатынасынсыз қалған ауылдарға моторлы қайық жіберуді жөн көрді. Себебі, мұнда жұрттың қозғалысы шектеулі. Ел жанашыры Амандық Әмірхамзиннің бастамасын шетелде жүрген Қазақстанның тумалары да қолдады. Олар жапа шеккен ауыл тұрғындарына қомақты ақша жіберді.

«Бізге АҚШ-тағы Денвер қаласының тұрғындары хабарласты. Олар біраз қаражат жіберді. Біз де өз ақшамызды қосып, сапасы жақсы моторлы қайық сатып алдық. Миссиямыз орындалды. Моторлы қайықты Қостанай облысы Жангелдин ауданы әкімдігіне тапсырдық», – деді Амандық Әмірхамзин.

Бұл игі істі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутат Берік Бисенғалиев те қолдап, зардап шеккен елді мекендерге 2 қайық жіберді.

Сонымен қатар қостанайлық белсенділер су тасқынынан зардап шеккен Атырау өңірінің тұрғындарына да жәрдем беріп, 200 мың теңге қаражат аударды.

Естеріңізге сала кетейік, су тасқыны кезінде «Әділдік және Өркендеу» Қорының Түркістан облысы, Шымкент және Астана қалалар өкілдері де зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық жүктер жіберген болатын. Ал, су тасқыны болған аймақтағы белсенділер құтқарушыларға бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын салуға қатысып жатыр. Сонымен қатар Қоғамдық қор қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарының атына бір күндік табысын аударды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары